Қорлан Жақанша әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды


НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — Елорда төрінде күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы күміс медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

55 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан грек-рим күресінің шебері Қорлан Жақанша финалда қарсыласына жол беріп, күміс жүлдегер атанды.

Ол финалда грузиялық балуан Нугзари Цурцумиядан ұтылып қалды.

Бүгін спорт сүйер қауым «Қорлан Жақанша 20 жыл аңсаған алтынға» қол жеткізеді деп үміттенген болатын. Өкінішке қарай, шешуші сында күтпеген жерден қарсыласы Нугзари Цурцумия қазақстандық балуанды уақытынан бұрын ұтып кетті.

Естеріңізге сала кетейік, кеше, яғни әлем біріншілігінің алғашқы жарыс күні Жақанша 2018 жылғы әлем чемпионы, әзербайжандық Эльданиз Азизлиді жеңіп, финалға шыққан болатын. Аса тартысты өткен белдесуде қазақ балуаны қарсыласын 11:5 есебімен ұтқан еді.



Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/korlan-zhakansha-alem-chempionatynyn-kumis-zhuldegeri-atandy_a3565807”